Қазақстандағы Ақорда, Украинадағы "Межигорье", Түркіменстандағы "Оғызхан" мен Түркиядағы президент кешені. Осылардың бәріне ортақ не бар? Аса үлкен аумақта жайғасқан, қыруар ақшаға салынып, сән-салтанаты жағынан бірінен-бірі асып түсетін бұл нысандар авторитар биліктің байлығын паш ететін ескерткіш іспетті.
Әлемдегі саяси билігінің күш-қуатынан сән-салтанаты кем түспейтін президенттік резиденциялардың кейбірін шолып шықтық.
УКРАИНА, Новые Петровцы: "Межигорье" резиденциясы
Виктор Янукович Украинаның премьер-министрі және президенті болған кезде "Межигорье" оның резиденциясы болды. 2014 жылы Еуромайдан наразылығының тегеуріні Ресейге қашуға мәжбүр еткенге дейін ол сонда тұрды. Қазір "жемқорлық музейіне" айналған нысанда автомобильдер коллекциясы, гольф алаңы, хайуанаттар бағы, субұрқақтар, тікұшақ алаңы, тіпті шіркеуге дейін бар – олардың бәрі бұрынғы басшының жалғанды жалпағынан басып өмір сүргенін көрсететін "жәдігер" болып қалды.
БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ, Абу-Даби: Каср Әл-Ватан
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі президент сарайы Каср Әл-Ватанның құрылысы 2017 жылы аяқталған. 2019 жылдан бастап жұрт оған тамашалап баратын болған. Құны 490 миллион доллар тұратын сарайда тарихи жәдігерлер мен қолжазбалар, сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріне шетелдік дипломаттар сыйға тартқан заттар сақтаулы тұр.
ТҮРКИЯ, Анкара: президент кешені
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Анкарадағы резиденциясы – Ақ сарайдың құрылысы 2014 жылы аяқталған. Оны бұрынғы орман алқабының аумағында тұрғызған. 1100 бөлмесі бар сарайды салуға, ресми дерек бойынша, 615 миллион долларға жуық ақша жұмсалған, бірақ сын айтушылар одан әлдеқайда көп қаржы кеткен дейді. Кешен аумағында 3 мыңға жуық адам сиятын мешіт және Түркиядағы ең ірі кітапханалардың бірі (4 миллионнан астам кітап бар) орналасқан.
РЕСЕЙ, Геленжик: "Путин сарайы"
Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Геленжик қаласы маңындағы сарай кешені ел аузында "Путин сарайы" деп аталып кеткен. Осы сарай туралы ақпарат ең алғаш рет 2010 жылы пайда болған. 2021 жылы ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальный (2024 жылы Ресей түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмды) осы сарай туралы зерттеу жариялады: деректі фильмде Ресей президенті Владимир Путинге арнайы салынған бұл нысанның құрылысына 1,4 миллиард долларға жуық ақша жұмсалған деп айтылды. Зерттеушілердің дерегінше, кешенде жер астындағы хоккей стадионы, театр, шарап ашытатын орын мен шіркеу бар. Бұл аумақтың үстінен ұшуға тыйым салынған, ұшақтар мен тікұшақтар ол аумақты айналып ұшады. Путин жылжымайтын мүлікке еш қатысы жоғын мәлімдеген. Путиннің досы әрі ресейлік олигарх Аркадий Ротенберг Навальныйдың зерттеуі жарияланғаннан кейін "ол менің сарайым" деп мәлімдеген.
РЕСЕЙ, Мәскеу облысы: Ново-Огарёво
Ново-Огарёво – Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттік резиденциясы. Мәскеудің сыртында орналасқан ол нысан 1950-жылдары салынған, 2000 жылдың соңында резиденцияға ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кейбір деректерге қарағанда, кешенге бірнеше сектор қосылған, олардың арасында Федерациялық күзет қызметіне (ФКҚ) қарасты оңалту кешені, тікұшақ алаңдары, тіпті әуе шабуылынан қорғану жүйелеріне дейін бар. Жер астында Путиннің резиденциясын ФКҚ кешенімен жалғастыратын тоннель де бар болуы мүмкін деген болжам айтылған.
ҚАЗАҚСТАН, Астана: Ақорда
Ақорда – Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы. Оның құрылысы мемлекет астанасы Ақмолаға (қала атауы Астана болып өзгертілді) көшірілгеннен кейін жеті жылдан соң, 2004 жылы аяқталды. Ақордада әуелгіде Нұрсұлтан Назарбаев отырған. 2019 жылы ол президент лауазымынан мерзімі бітпей кетіп, орнына қалдырған екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға жайғасты.
Ақорданың жеті қабатының екеуі жер астында орналасқан, олар техникалық және шаруашылық мақсатқа пайдаланылады. Жер үстіндегі бес қабатта кітапхана, кабинеттер және көптеген залдар (арасында Шығыс, Мәрмәр, Алтын, Сопақша, Күмбезді залдар, кеңейтілген құрамда келіссөз өткізетін зал, Қауіпсіздік кеңесінің залы) бар. Ақордаға орталық есіктен кіргендегі холл аумағы – 1800 шаршы метр, ал ғимараттың жалпы аумағы – 36 мың шаршы метрден асады.
Президент сайтында Ақорданы қала құрылысы ансамблінің композициялық және мазмұндық орталығы деп сипаттаған. Оның құрамына "Бәйтерек" пен "Қазақ Елі" монументтері, Бейбітшілік және келісім сарайы, "Хан Шатыр" сауда және ойын-сауық орталығы да кіреді.
Ақорданы салуға қанша ақша жұмсалғаны туралы ақпарат ашық дереккөздерде жоқ. Азаттықтың сауалхатына президенттің іс басқармасы "ондай мәлімет шектеулі адамдар пайдаланатын қызметтік ақпаратқа жатады" деп жауап берді.
ТӘЖІКСТАН, Душанбе: Ұлттар сарайы
Душанбе қаласында 2008 жылы салынған Ұлттар сарайы – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ресми резиденциясы. Оны салмас бұрын сол аумақта орналасқан 100 жылдық тарихы бар синагога мен басқа да ғимараттарды сүріп тастауы қоғамда резонанс туғызған. 300 миллион долларға салынған сарайдың айналасында саябақтар, субұрқақтар мен өзге де көрікті орындар жайғасқан. Солардың арасында – Тәуелсіздік монументі мен бір кездері әлемдегі ең биік (165 метр) болған Душанбе флагшотогы да бар.
ТҮРКІМЕНСТАН, Ашғабат: "Оғызхан" президент сарайы
Ашғабаттағы "Оғызхан" кешені – Түркменстан президенті Сердар Бердімұхаммедовтың ресми резиденциясы қызметін атқарады. Бұл сарай ежелгі түркімен көсемінің есімімен аталады. Түркіменстан президенттері осы ғимаратта 1990-жылдардан бері жұмыс істеген. 2011 жылы жаңа сарай мен қосымша құрылыстар салынды, оларға 350 миллион долларға жуық қаржы жұмсалған. Қазіргі кезде сарайдың алдынан Қабылдау үйі мен парад және өзге де мемлекеттік іс-шаралар өткізетін алаң салынып жатыр.
Көлемі жағынан қай елдің президенттік резиденциясы үлкен?
УКРАИНА, Новые Петровцы: "Межигорье"
- жылжымайтын мүлік – 135 га, ғимарат – 2 га
БАӘ, Абу-Даби: Каср Әл-Ватан
- жылжымайтын мүлік – 103 га, ғимарат – 11 га
ТҮРКИЯ, Анкара: президент кешені
- жылжымайтын мүлік – 75 га, ғимарат – 10 га
РЕСЕЙ, Геленжик: "Путин сарайы"
- жылжымайтын мүлік – 69 га, ғимарат – 2 га
РЕСЕЙ, Мәскеу облысы: Ново-Огарёво
- жылжымайтын мүлік – 61 га, ғимарат – 2 га
ҚАЗАҚСТАН, Астана: Ақорда
- жылжымайтын мүлік – 23 га, ғимарат – 1 га
ТӘЖІКСТАН, Душанбе: Ұлттар сарайы
- жылжымайтын мүлік – 19 га, ғимарат – 1 га
ТҮРКМЕНСТАН, Ашғабат: "Оғызхан" президент сарайы
- жылжымайтын мүлік – 18 га, ғимарат – 4 га
ГЕРМАНИЯ, Берлин: Бельвю сарайы
- жылжымайтын мүлік – 9 га, ғимарат – 1 га
АҚШ, Вашингтон: Ақ үй
- жылжымайтын мүлік – 8 га, ғимарат – 1 га
Азат Еуропа/Азаттық радиосы, BBC, The Guardian, The Economist медиаларының деректері пайдаланылды.