"Таза орыстандыру". Кремльдің "ескі де жаңа" тіл саясаты туралы сарапшылар мен белсенділер пікірі

Қазан қаласындағы орта мектеп. Көрнекі сурет

Өткен жылдың соңында Кремль Орыс тілі мен Ресей халықтарының тілін қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кеңесінің қарашадағы отырысының қорытындысына орай тапсырмалар тізімін жариялады. Ресейдің мемлекеттік тіл саясаты негіздері жобасы, «Ресей Федерациясы халықтарының тілі туралы» заңға өзгертулер енгізу және т.б. сол қатарда. Отырыста Ресей президенті Владимир Путин орыс тілі «Ресейдің әр азаматының ана тілі» екенін ашық айтты. Елді өзінің тілі, диалектілері бар жүздеген халық мекендейтініне қараған жоқ. Ұлт-азаттық қозғалыс белсенділері мұны «бірыңғай орыс ұлтын» қалыптастырудың жалғасы деп есептейді және бұл таяу арада ұлттық республикалардың жойылуына әкеп соғады деп санайды.

Орыс тілі мен Ресей халықтарының тілін қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар тізімі өткен жылдың соңғы күндерінің бірінде РФ президентінің ресми сайтында жарияланды. Онда барлығы 39 тармақ бар және оның көпшілігі бойынша жауапты тұлғалар 2025 жылы есеп беруге тиіс.

Атап айтқанда, Ресейдің мемлекеттік тіл саясаты негіздерінің жобасын жасау, орыс тілін шет елдерде дамытуды бір жүйеге келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, «Ресей Федерациясы халықтарының тілі туралы» заңға өзгертулер енгізу, соның ішінде мұндай тілдердің тізілімін жасап, мәртебесін шектеу, орыс тілі мен әдебиетін оқытуды біріздендіру шараларын қолға алу, мигранттардың балаларын Ресей мектептеріне қабылдау үшін орыс тілін үйрету, басқа да мақсатты жобалар мен іс-шаралар, сонымен бірге Украинаның басып алынбаған аумағында орыс тілін дамыту жөніндегі кешенді іс-шаралар жобасын жасау.

«ОРЫС ТІЛІ» ДЕГЕН «АНА ТІЛІ» ДЕУМЕН ТЕҢ

Карлов университетінің этнология докторанты Харун Сидоровтың айтуынша, «Путиннің Кеңес отырысының қорытындысы бойынша берген тапсырмалары емес, жалпы сол іс-шаралардың мазмұны маңызды». Сарапшының ойынша, ол «кейінгі путинизм дәуірінің бағдарламалық манифесі» деуге лайық.

Нақтырақ айтсақ, РФ президенті Владимир Путин орыс тілін «Ресейдің әр азаматының туған тілі» деп атады.

— Владимир Владимирович, сіздің мектеп бағдарламасындағы «орыс тілі» мен «туған тіл» түсінігін шартты түрде болса да бір-біріне қарсы қоймау туралы ұсынысыңызды қызу қолдаймын. Ресей деген Отан болғанда, орыс тілі — ана тілі, — деді РФ президенті жанындағы Ресей Федерациясы халықтарының тілін қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кеңесінің төрағасы Елена Ямпольская. Тізімдегі тапсырманың біразы дәл осы шенеунікке бағытталған.

Бұл мәлімдеме кездейсоқ немесе абайсызда айтылып тұрған жоқ. 2024 жылдың қыркүйек айында халқының басым көпшілігі тывалықтар болып саналатын Тыва республикасында мектеп оқушыларының алдында сөз сөйлеген Путин «ана тілін яки көпұлтты елдегі ұлтаралық қарым-қатынас тілін білмей» [толыққанды Ресейде тұру] мүмкін емес екенін айтты. Оның айтуынша, «орыс тілі бүкіл Ресей халқын ортақ ағза, біртұтас халық ретінде біріктіреді».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мединский, форум және отаршылдық. Ресей Қазақстан тарихын жазуға қатыса ма?

Ямпольская ол кезде бұған қатысты мынадай пікір білдірді: «Орыс тілі деген ана тілі деумен тең. Менің көзқарасым бойынша, орыс тілі мен ана тілін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Егер орыс тілі ана тілі болмаса, Ресей де Отан емес деген сөз».

Владимир Путин орыс тілі мен ұлттық республикалар тілінің ара-жігін көрсететін нақты шекараны 2017 жылы-ақ айтқан болатын.

— Адамды ана тіліне жатпайтын тілді үйренуге мәжбүрлеуге болмайды, сонымен бірге орыс тілін оқыту деңгейі мен уақытын азайтуға да жол жоқ. Ресей Федерациясы аймақтарының басшылары осы мәселеге айрықша назар аударуын сұраймын, — деп мәлімдеді Ресей президенті Марий Эл астананы Йошкар-Олада өткен Ұлтаралық қарым-қатынас кеңесінде.

Осыдан кейін бір жыл ішінде ұлттық республикаларда мемлекеттік тілдерді оқыту мектеп бағдарламасында «факультатив» деңгейіне дейін түсіп, пән мұғалімдерінің біразы қысқарды.

Қазандағы «СОлНЦе» мектебінің директоры Павел Шмаков кейін айтқандай, 2017 жылдың қазан айында шенеуніктер Қазандағы Вахитов ауданындағы (қаланың орталық ауданы) мектеп директорларын жинап, екі прокурордың қатысуымен өткен жиында «екі айдың ішінде татар тілі мұғалімдерінің төрттен үшін қысқаруға міндетті дегенді көрсететін, қайталап айтайын, міндетті екенімізді көрсететін жол картасын ұсынды».

Дегенмен, шенеуніктердің сөзіне сенсек, әлдебір мәмілеге келуге тырысқан. 2019 жылдың көктемінде Татарстанның білім және ғылым министрі Рафис Бурганов былай деп есеп берген: 2018 жылы татар тілі мен әдебиетінен беретін 1 200 мұғалім оқу жоспары өзгеруіне байланысты «басқа мамандықтар бойынша» кәсіби қайта даярлықтан өтті.

Ал 2020 жылдың қараша айында «Единая Россия» депутаты Ильшат Аминов Татарстан мемлекеттік кеңесінің отырысында республикада «татар тілі мүлдем түсіп қалған оқу орындары бар» екенін жеткізді.

«ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ»

Әлеуметтік лингвист және көші-қон процесін зерттеуші Влада Баранова жаңа жылдың алдында қабылданған тапсырмалар тізімі «тіл саясатына қатысты қалыптасқан жағдайды көрсетеді» деп есептейді.

Зерттеушінің айтуынша, сырттай қарағанда нормативтік актілерде «мейлінше бейтарап көзқарас көрініс тауып», «әңгіме тек орыс тілін қолдау туралы емес екеніне ерекше назар аударылғанымен», «[ресми тұлғалардың] сөз ауанынан ұлтшылдық айқын көрінеді».

— Бір жағынан, бұл тізім кейінгі уақыттағы жалпы тіл саясатын көрсетеді, онда бір есептен орталықтандыру өте көп, мектеп пен білім беруге қатысты мәселенің барлығын бақылауда ұстауға талпыныс айқын, үнемі орыс тілінің рөлін баса көрсету арқылы айтарлықтай орыстандыру байқалады; ал екінші жағынан тіл саясаты толықтай орыстандыруға әлі көшкен жоқ, — дейді қалыптасқан жағдай туралы пікір білдірген Баранова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин "патша" және оның билікке құштарлығы. Тарихшы Андрей Зоринмен сұхбат

Жалпы, маманның айтуынша, Ресейдің ресми тұлғаларының сөзі «кейінгі уақытта орыстандыруға ұмтылыс өте қатты жүріп жатқанын және ұлттық тенденциялар да өте қатты күшейіп тұрғанын» көрсетеді.

— Екінші жағынан, бұл сөздер тіл саясатын көрсететін заң жобалары мен құжаттар деңгейіне еніп жатқан жоқ. Құжаттарда бұл көзқарастың мейлінше жұмсартылып берілетінін көріп отырмыз, — дейді Баранова.

Лингвистің айтуынша, жалпы алғанда, Кремльдің соңғы мәлімдемелері мен құжаттарында айтарлықтай жаңалық жоқ. Мұның бәрі, Баранованың айтуынша, сол баяғы «орыс тілін дамыту деген империялық идея».

Сонымен бірге, оның ойынша, Кремльдің тапсырмасын орындау миноритар тілдер үшін ең жайсыз сипатта жүзеге асқанның өзінде де, дәл қазір бұл қандай да бір айтарлықтай толқуға алып келмейді.

— Аймақтар үшін тіл мәселесі басты назарда екеніне сенімді емеспін, өйткені халық көптеген әлеуметтік мәселемен бетпе-бет келіп отырғанына куәміз. Осыған орай, тіл мәселесі өзектілігі жөнінен екінші кезекке ысырылған болуы мүмкін. Жалпы алғанда, орыстандыру саясаты білдірмей, біртіндеп және ресми мойындаусыз бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Алғашында қатты наразылық байқалғанымен, қазір не қоғам бұл процестерге бейімделе бастады, не көпшілік үшін тіл мен мәдениеттен басқа бас қатырар мәселе көп. Сондықтан бұл саясатқа орай қандай да бір келіспеушілік болады деп күтпеймін. Әйтсе де, тіл үйрену мен миноритар тілдерді қолдау жөнінен мұның кері салдары болуы мүмкін, — деп қауіп білдіреді «Idel.Реалии» басылымына сұхбат берген сарапшы.

Бұдан бұрын ресейлік тәуелсіз «Такие дела» ақпарат құралы сарапшыларға сілтеме жасай отырып, 2016 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта орыс тілінен басқа ана тілінде оқитын ресейлік оқушылардың үлесі екі есеге қысқарғанын жазды.

38 тілде оқыту толықтай тоқтаған. Ақпаратта бұған ана тілдеріне деген қызығудың азаюы, сабақ санының қысқаруы, мұғалімдер жетіспеуі және санкцияға орай шетелдік серіктестермен байланыстың үзіліп қалуы сияқты кешенді мәселелер алып келгені айтылған.

КЕЛІСПЕУШІЛІК АРТЫП КЕЛЕ МЕ?

2016 жылы-ақ Ресейде «халықтар достығы қолдан жасалып отыр» деп пікір білдірген әлеуметтанушы Игорь Эйдман Кремльдің тіл саясатына қатысты соңғы қадамында «айтарлықтай жаңалық жоқ» деп есептейді. Оның айтуынша, Путин «ұлттық-мәдени автономияларды жойып» жатыр, сарапшы саяси автономиялық республикалармен салыстырғанда, тіпті Сталиннің «ұлтшылдықпен күресіне» қарамастан РКФСР-да олардың шын мәнінде болғанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс Ресей ұлттарына азаттық әпере ме? Сарапшылар пікірі

— Орыс тілі ана тілі есебінде қазірдің өзінде міндетті болып ресми жарияланды. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде емес, барша халыққа ортақ ана тілі ретінде. Адамның екі ана тілі болуы мүмкін емес. Ана тілі дегенді Германияда Muttersprache, яғни анаңның тілі дейді. Ал қазір татар, башқұрт, буряттар мен Солтүстік Кавказ халықтарының ана тілі орыс тілі болсын, ұлттық тілі немістердің сөзімен айтқанда dazu, яғни үстеме ретінде жүрсін дейді. Бұл ұлттық-мәдени автономияларды жою деген сөз. Таза Ресей империясында болған орыстандыру саясаты бас көтеріп отыр, ол уақытта ел ішінде орыс тілінен басқа тілдердің, басқа ұлттардың болуы деген олармен санасуға тура келетінін білдіреді, бұл жақсы емес деген ой айтылған еді. Басқа ұлттар өзінің мәдениетін дамытуды мейлінше кейінге қалдырып, орыс мәдениетіне барынша араласса, соғұрлым жақсы, — деп есептейді Эйдман.

Әлеуметтанушының пікірінше, Путин «басынан-ақ орыстандыру саясатын ұстанған, ал қазір соғысқа орай пайдасы мен зияны қатар жүретін процесс түгелдей дерлік жеделдей түсті».

— [Мұндай жағдай] барлық салада болып жатыр. Саяси қуғын-сүргін бе, ұлттық мәдениетті тұншықтыру ма, маңызды емес. Байқаған болсаңыздар, қазір олар Украинаның басып алған аумағын қасақана орыстандырып жатыр. Бұл бағытта да қарап жатпағанын көреміз, — дейді сарапшы.

«Орыстандыру» картасында салыстырмалы түрде Шешенстан мен Дағыстанның жағдайы ғана дұрыстау, онда да Кремль бұл республикалардағы «эксцестен, соның ішінде бас көтеруден сақтанғаннан» ғана, ал Путин үшін Шешенстанның «жөні бөлек», «Idel.Реалии» басылымына пікір білдірген сарапшы «Путин Қадыровпен алакөз болғысы келмейді» деп санайды.

— Ал Поволжье, Сібір жақтағы ұлттық қауымдастықтарда орыстандыру күрт күшейді. Татарстан, Башқұртстан, Мордовия, Удмуртия, Бурятия, Якутия еліндегі белсенділер бұл туралы жазып та, айтып та жатыр, — дейді Эйдман.

Әлеуметтанушының болжамы бойынша, мұндай орыстандыру нәтижесінде «келіспеушілік артып, Ресейдің құлау ықтималдығы бұрынғыдан да жоғарылай түседі».

— Қазір ол көзге көрініп тұрған жоқ. Әзірге Кремль күшінде, басып-жаншу, күш көрсету, манипуляция жасау, үгіт-насихат жүргізу тетіктері де қолында тұр. Сырттай бәрі тыныш көрінгенімен, ел аумағындағы халықтар федералдық орталықтың әлсірегенін сезсе, осы республикалардың мәдени элитасы арасында пісіп-жетіліп келе жатқан наразылық жарылмай тұрмайды. Әскери жеңіліс, сыртқы саяси жағдай, экономика мен ішкі саясаттағы ахуалды ескерсек, орталықтың әлсіреуі ерте ме, кеш пе, болмай тұрмайды, — деп қорытады Эйдман.

ҰЛТТЫҚ ТІЛДЕРДІҢ РӨЛІ ТАБАН АСТЫНДА

«Еркін Удмуртия» қозғалысының белсендісі Артём Медведев «Путиннің жаңа тапсырмалар тізімі жаңалық болған жоқ» дейді.

— Орыс тілінің рөлі ресми түрде жоғарылады және әрі қарай да өсе бермек (әсіресе «жаңа аумақта»). Ал Ресейдегі саны аз халықтардың тілдерінің рөлі бәз-баяғыша табан астында қалып отыр. Табан астында ма, одан да төмендей түсті ме, қазіргі сәтте ол маңызды емес. 2017 жылы айтылған «біртұтас орыс ұлтын» құру жөніндегі мемлекеттік тренд жалғасып келеді. Соған сәйкес тіл де біртұтас, яғни орыс тілі болуы керек. Басқа тілдердің барлығы жаңажылдық шыршадағы жарыққа ұқсайды, жанып тұрған сияқты, бірақ қаншалықты жарық және неге жанып тұрғаны маңызды емес. — Кремльдің саясатының мәнін Медведев осылай түсіндіреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жұмыстан емес, тілімізден айырғанына жылаймыз"

Белсендінің пікіріне сүйенсек, Кремльдің тілге қатысты тапсырмалары «қуғын-сүргінге негізделген басқа да бастамалар секілді Путин режимі құлағаннан кейін қайта қаралуы немесе жойылуы керек».

Оның айтуынша, қазір «РФ аз халықтарының кез келгенінің тілін қолдаудың ең қарапайым және дұрыс тәсілі — тілді белсенді таратушыларды қолдау, міндетті түрде ақшалай емес, жалпы қолдау».

БӘРІ 2007 ЖЫЛДАН БАСТАЛДЫ

Саяси эмигрант және Шетелдегі башқұрт ұлттық қозғалысы комитетінің төрағасы Руслан Ғаббасов та Кремльдің жаңа тапсырмасы — бар болғаны «Путин басшылық етіп отырған көп жылдан бері жалғасып келе жатқан лингвоцидтің жалғасы» деп санайды. Әйтсе де, белсенді мұның бәрі 2017 жылдан да әріден басталатынын айтады.

— 2007 жылы ұлттық-аймақтық компонент жойылып, ұлттық республикалар төл тарихы, мәдениеті, т.б. оқытуға мүмкіндік беретін оқу уақытының 25%-ынан айырылды. Одан кейінгі соққы 2009 жылы болды, сол кезден бастап бірыңғай мемлекеттік емтиханды тек қана орыс тілінде тапсыруға болады. Бұл ұлттық білім беруге өте қатты соққы болып тиді. Көптеген мектеп орыс тілінде оқытуға көшті, ата-аналар да балаларын орыс мектептеріне бере бастады, — дейді Ғаббасов.

Экономикалық шара ретінде бағаланған білім беру жүйесін оңтайландыру да, белсендінің сөзінше, процеске белгілі бір әсерін тигізді. Өйткені «көптеген ұлттық балабақшалар мен мектептер жабылып, сыныптар қысқарды». «Ал деревняларды мектеп мен балабақша болмаса, жастар ол жерде қалмайды».

— Қазір ұлттық тілдерді біржола құртқаннан кейін біртұтас орыс болуды, орыс тілін ана тілі ретінде енгізуді, сол арқылы ұлттық болмысты орыстандыруды көздеп отыр. Мұның барлығы таяу арада ұлттық республикалардың біржола жойылуына алып келеді. Барлығы соған қарай келе жатыр, — дейді Шетелдегі башқұрт ұлттық қозғалысы комитетінің төрағасы.

Сонымен бірге Ғаббасов орыстандыру мен ұлттық республикаларды жою ұлт-азаттық қозғалыс өкілдеріне тиімді деген пікірмен келіседі, себебі ұлттық республикаларда Ресейден толықтай бөлініп шығу қажеттігі туралы ойлана бастайтындар көбейе түседі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин үлкен қателік жасады". Фрэнсис Фукуяманың Украина мен Ресейдің болашағы туралы пікірі

— Путин Ресейді өз қолымен құртып жатыр. Бұған қоса «Орыс қауымдастығын» шығарды. Олар нағыз деколониалистер. Олар бәрін басып-жаншып тастаймыз деп ойлап отыр. Бұл қате қадам, — дейді Руслан Ғаббасов.

«Орыс қауымдастығы» («Русская община») деген — ультраоңшыл, ұлтшыл, мигранттарға қарсы және билікке жақын ірі ресейлік ұйым. 2020 жылдың соңында құрылған.

  • 2019 жылдың қаңтар айында Еуропа Кеңесінің ұлттық азшылықтарды қорғау жөніндегі конвенциясының Консультативтік комитеті Ресейдің ұлттық саясатын сынға алды. Сарапшылар «ұлттық азшылықтардың тіліне тиімді қолдау болмауымен» бірге «орыс тілінің үстемдігі артып келе жатқанына» алаңдауын білдірді.
  • Сол жылы ЕҚЫҰ ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі бас комиссары Ламберто Заньер «Idel.Реалии» басылымына берген сұхбатында қолында бар ақпаратқа сүйене отырып, татар тілі Татарстанның мемлекеттік тілі екеніне қарамастан, Татарстанның өзінде татарлардың өз тілін үйренуіне шектеу бар екенін мәлімдеді. Халықаралық шенеунік оқушы мектепте татар тілінде оқығанына қарамастан, бірыңғай мемлекеттік емтиханды татар тілінде тапсыра алмайтынын, тек қана орыс тілінде тапсыратынын білгенде қайран қалғанын айтады.