20 қаңтарда Алматыда журналист Әсем Жәпішева Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, "Сатира – қылмыс емес" деген жазуы бар плакат ұстап пикетке шықты. Бес минут өтер-өтпес уақытта Жәпішеваны полиция алып кетті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдына пикетке шыққан журналисті қолдап бірнеше жақтасы келді. Жәпішева биліктен Темірлан Еңсебек пен журналист Руслан Бикетовті босатуды талап етті.
– Қазақстанда сөз еркіндігі шектелмеуге тиіс. Қаңтардан кейін Тоқаев билігі Қазақстанда сөз еркіндігін шектей бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарына Қаңтар туралы, [абақтыдағы] азаптау жайлы жазуға тыйым салынды. Қазақстанда қазір сөз еркіндігі шектелген. Сондықтан да бізде қалған сөз еркіндігінің соңғы құралы – сатираны шектеуге жол жоқ. Темірлан Еңсебек пен Руслан Бикетов бостандыққа шығуға тиіс. Қазақстанда сөз еркіндігі шектелсе, елдің болашағы бұлыңғыр, – деді Жәпішева.
Руслан Бикетов 19 қаңтарда осы театр алдында пикет өткізіп, артынан 15 күнге қамауға алынды. Ал Темірлан Еңсебек 18 қаңтарда екі айға қамалған. Оның үстінен "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Пикет кезінде өзін Алматы әкімдігінің өкілі деп таныстырған адам журналист Әсем Жәпішеваға "пикет өткізу бойынша әкімдікке сізден хабарлама түскен жоқ, бұл әрекетіңіз заңсыз. Бұған байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатыныңызды ескертемін. [Пикетті] қазір тоқтатып, бұл жерден қайтуыңыз керек. Хақыңыз жоқ", – деп ескерту жасады. Жәпішева "[Пикетке] шығу құқығым бар" деп, акциясын тоқтатпады.
– Сатира, сөз еркіндігі, журналистика – қылмыс емес! Әйгерім Тілеужанға, Марат Жыланбаевқа, саяси тұтқындарға, қаңтаршыларға бостандық берілсін! – деді Әсем Жәпішева.
Осыдан кейін журналистің қасына полицейлер келді, Жәпішева мен оның жақтастары "Бостандық!" деп айғайлады. Көп ұзамай полиция журналисті көлігіне салып, алып кетті. Жәпішеваны Алмалы аудандық полиция басқармасына әкеткен, журналистің жақтастары да сонда барды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматы соты сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамадыАдвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан, әнде балағат сөздер бар. 18 қаңтарда Алматыда белсендінің жақтастары қалалық полиция ғимараты маңына жиналып, оны босатуды талап еткен. Бұған дейін саясаттанушылар, сарапшылар Темірлан Еңсебектің қамаған биліктің ісін сынға алған.
Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әзіл әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда "орыстар туралы" ән айтқан белсенді 10 тәулікке қамалды