19 қаңтарда Алматыда қамаудағы белсенді Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шыққан журналист Рус Бикетов 15 тәулікке қамалды. Оған "бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған.
The village сайтының жазуынша, сот отырысы жексенбі күні кешке онлайн өткен және небәрі бес минутқа созылған.
Жексенбі күні күндіз Рус Бикетовті полиция Қазақ ұлттық опера және балет театрының маңында пикет өткізіп тұрған жерден ұстап әкеткен еді. Бұл жөнінде Bes.media сайты жазды.
“Бізде – жалған демократия. Бізде заң жұмыс істемейді. Адамдарды әзілі үшін қамайды. Мен Темірланды қолдап пикетке шықтым. Темірланға бостандық! Қазақстанға бостандық!” деді Рус Бикетов пикет кезінде.
Бір күн бұрын ол әлеуметтік желідегі парақшасында “Еңсебектің ұсталуы – сөз еркіндігі мен шығармашылыққа қарсы жасалған қылмыс. Үнсіз қалу мүмкін емес. “Ертеңгі күн” деген жоқ. Еліміз көп уақыттан бері сырқаттанған. Қатты. Елімізді бүгін, қазір емдеу керек” деп жазған еді.
Жексенбі күні Бикетов журналистерге пикеттің себебін түсіндіріп жатқан кезде өзін Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкері ретінде таныстырған адам оған келіп, пикеттің "заңсыз, рұқсат етілмеген шара" екенін айтып, бөлімшеге бару керектігін жеткізді.
Журналист Қазақстан қабылдаған Азаматтық және саяси құқық туралы конвенция бойынша, азаматтардың жалғыз адамдық пикет өткізу үшін рұқсат сұрауы шарт емес екенін айтты. Бірақ полиция соған қарамастан оның плакатын тартып алып, екі қызметкер оны екі жағынан қолтықтап алып кетті.
Журналистке белсенділер араша түспек болып еді, полиция оған мүмкіндік бермеді. Сол сәтте оқиға орнына қара маска киген арнайы жасақтың екі өкілі де жүгіріп келді.
Конституция бойынша Қазақстан қабылдаған халықаралық шарттардың республика заңдарынан күші басым.
18 қаңтарда Алматы соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамаған. Темірлан Еңсебекке қарсы "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша 2-7 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе шектеу жазасы немесе 2-7 жыл түрме жазасы қарастырылған.
Оның алдында полиция белсендінің үйін тінткен еді.
Адвокат Жанара Балғабаеваның айтуынша, Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" атты әзіл ән түрткі болған. Еңсебек осы әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық постқа қосқан.
18 қаңтарда Алматыда белсендінің жақтастары қалалық полиция ғимараты маңына жиналып, Темірлан Еңсебекті босатуды талап етті.
Бұған дейін саясаттанушылар, сарапшылар Еңсебектің қамалуын сынаған.
ПІКІРЛЕР