Израиль Газа секторында жергілікті уақыт бойынша сағат 11:15-те (Алматы уақыты бойынша сағат 14:15-те) атыс тоқтағанын хабарлады. Бұл Израиль жағына ХАМАС-тан (АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым танылған) келісім аясында босатылатын тұтқындардың тізімі түскеннен кейін хабарланды
Ақпарат құралдарының жазуынша, бүгін үш израильдік әйел босатылуы керек.
Бұған дейін атысты тоқтату режимі жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8:30-да күшіне енуі керек болған. Алайда палестиналықтар Израильге босатылатын тұтқындардың тізімін бермегендіктен Израиль жағы атысты тоқтатпайтынын айтқан.
"Премьер-министр босатылуы тиіс болған тұтқындағы адамдардың тізімінің кешігуіне байланысты қауіпсіздік кеңесін өткізді. Ол Израиль әскеріне ХАМАС уәде еткен тізімді алғанша атысты тоқтатпауды тапсырды" деп жазылған Израиль премьер-министрінің кеңсесінің мәлімдемесінде.
ХАМАС өкілдері келісім шарттарын орындайтынын және тізім техникалық себептен кешігіп жатқанын айтқан.
Израиль мен ХАМАС арасында тіке емес жасалған келісім бірнеше кезеңнен тұрады. 42 күнге созылатын бірінші кезеңде палесттиналық топ 33 адамды босатуы керек. Ал Израиль Газа секторынан әскерін шығара бастауы керек. Ақпаратқа қарағанда, ХАМАС тобы тек 30 израильдіктің аты-жөнін берген.
Келісім бойынша, Израиль 1890 палестиналық тұтқынды босатпақ.
ПІКІРЛЕР