Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқының ахуалы туралы жаңа есебін жариялады. Құжатта былтыр 70 елде сайлау өткені, бірақ билікке келген ескі-жаңа тұлғалар адам құқықтарын реттейтін халықаралық актілерге қатысты міндеттерін орындай алмағаны айтылған. Ондайлардың қатарына Қазақстанды да қосқан HRW қазақ билігі әлі күнге дейін 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болғандардың өлімі мен кейін қамалғандардың азапталуын жан-жақты тергеу жұмысын бастамады деген. Қазақстан үкіметі болса Қаңтарға қатысты тергеу амалдары объективті өткенін, парламентте екі рет ашық тыңдау ұйымдастырылғанын және жауапты адамдар жазаға тартылғанын айтып келеді.
Штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемнің түрлі еліндегі адам құқықтары мәселелерін зерттеп, оны реттеуге көмектесумен айналысады. Оған қоса, өзге халықаралық ұйымдар және дипломатиялық жолдар арқылы адам құқықтарын шектеу мен бұзу әрекеттерін тоқтатуға тырысады.
HRW 1978 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Финляндия астанасы Хельсинкидегі кездесуінде қатысушы АҚШ, Канада және Еуропа елдерінің өзара қарым-қатынасын және ортақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген декларацияға қол қойылғаннан кейін құрылған. Алғашында Helsinki Watch деп аталған институт Совет одағындағы адам құқықтары мәселелерін зерттеп, оған әлем назарын аударумен айналысып келді.
Қазір 100-ден астам елдегі адам құқықтары, сөз еркіндігі мен экономикалық және гендерлік теңдік жағдайын бақылап, жыл сайын есебін жариялап отырады.
ҚАҢТАР ТЕРГЕУІ
Human Rights Watch ұйымы 2022 жылы 238 адамның қазасына апарып соққан Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтарды азаптағаны үшін бірнеше құзырлы орган қызметкері сотталғанын, бірақ Қазақстан билігі "мерт болғандар мен өзге де құқық бұзу әрекеттері бойынша толыққанды және бейтарап тергеуді әлі бастамағанын" атап жазған.
Ұйым меңзеген құзырлы орган қызметкерлері арасында былтыр тамызда сотталған бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бар. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны "билік өкілетін асыра пайдаланғаны" (362-баптың 4-бөлігі) үшін кінәлі деп танып, бес жыл шартты жаза берген. Соттың хабарлауынша, прокурор оған бес жыл түрме жазасын сұраған. Алайда Тұрғымбаев "өзіне тағылған айыптарды толық мойындап, ісіне өкінгендіктен" шартты жаза алған.
Ерлан Тұрғымбаев – Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген екінші министр. Оған дейін, Қазақстанның қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов "қызметін асыра пайдаланды" деп 12 жылға сотталған. 2022 жылдан бері бұл екі лауазым иесінен бөлек күштік құрылымдардың тағы он шақты жоғары шенді қызметкерлері істі болды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыға "ұйымдасқан террор шабуылы" жасалғанын, елге шеттен "дайындықтан өткен 20 мың бандит" кіргенін айтып, ескертусіз оқ атуды бұйырғанын мәлімдеген. Қаңтар оқиғасынан кейін қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін де айтқан.
Қаңтар кезіндегі наразылық туралы сөзінде "бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың қажеті жоқ" деген Тоқаев биыл жыл басында "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында "тергеу ашық жүргізілді, қылмыскерлер жазасын алды" деп айтты.
"Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды. Алғашқы парламенттік тыңдау Қаңтар оқиғасынан кейін үш айдан соң, ал екіншісі бір жылдан кейін өтті. Тыңдау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, құқық қорғаушылар да сөз сөйледі. Түрлі ой-пікір ашық айтылды, жайсыз сұрақтар қойылды", – деді президент.
Халықаралық құқық қорғау ұйымы кейінгі үш жылда шығарған есептерінде Қаңтар тергеуін ашық әрі бейтарап өткізуге үндеп келеді. HRW былтырғы есебінде "238 адамның қазасы зерттелмеген күйі қалды" деп жазған.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Риттман қазақ үкіметінің оқиғаға қатысты тергеу амалдарының нәтижесі шындықты ашатын негізгі сұрақтарға жауап бермейтінін айтты.
"[Қазақ билігі] бірқатар қадам жасады. Бірақ жауапкершілік пен әділдік орнату мәселесіне келгенде көптеген қазақстандықтар секілді менің де сұрақтарым жауапсыз қалып отыр. Қайтыс болған 238 азаматтың жағдайын не істейміз? Қазақстанның кейбір қалаларындағы билік құзырлы орган қызметкерлері заң аясында әрекет етті, қылмыс жасаған жоқ деп, барлық өлімге қатысты тергеулерді жылы жауып қойғанын білеміз. Бірақ мұнысы осы адамдардың қазасының жай-жапсарын анықтайтын жауап бола алмайтынын білесіз ғой", – деді Риттман.
Кейінгі үш жылда Қаңтар оқиғасына қатысты бірқатар азаматқа "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айыптар тағылып, олар сотталды. Шартты жаза алғандар да, ақталғандар да болды.
Ал тергеуге ілінген құзырлы орган қызметкерлеріне қарсы көбінесе "билікті асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалды. Алматылық Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне қатысты сондай істердің бірі былтыр желтоқсанда Алматы гарнизоны әскери сотында басталды. Сотталушы – әскери қызметкер Айтжан Әубәкіров.
Іс материалдарындағы мәліметке сәйкес, Жағыпаров пен Қапсаланов Алматыдағы Республика алаңында ұсталып, қолына кісен салынған. Кейін Алматының орталық алаңына жақын жерден олар өлі табылған, екеуіне де бірнеше жерден оқ тиген. Биыл 15 қаңтар күні судья куәгердің өтінішін алға тартып, сотты жабық өткізу жөнінде қаулы шығарды.
HRW зерттеушісі Мира Риттман сот процестерін ашық етпей, мүдделі тараптарды қатыстырмай Қаңтар шындығын ашу мүмкін емес деп есептейді.
ҮКІМЕТ СЫНШЫЛАРЫ МЕН СӨЗ ЕРКІНДІГІ
Халықаралық ұйым 2024 жылы Қазақстан билігі өзіне сын айтатын оппозициялық белсенділерге қысымды күшейтті деп жазды. Зерттеуші Мира Риттман "HRW қазақ билігінің қылмыстық заңнамада экстремизмге тым кең анықтама беріп, оны белсенділерге қарсы қолданатынына талай жылдан бері алаңдап отырғанын" айтты.
2023 жылдың қарашасында Астана соты "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып тағылған "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаевты 7 жыл мерзімге бостандығынан айырды. Былтыр тамыз айында осы баптар бойынша саяси белсенді Думан Мұхаммедкәрім мен тағы бір азаматтық белсенді Асылбек Жамұратов та 7 жылға қамалды.
Құқық қорғаушылар бұл азаматтарды "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ деп айтып жүр.
Әйткенмен, 2023 жылы маусымда сол кездегі ақпарат министрі, қазір парламент сенатының депутаты болып отырған Дархан Қыдырәлі Азаттық журналисінің сұрағына "Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен журналистік қызметі емес, саяси көзқарасы үшін іс қозғалды" деп жауап берген.
Риттман 2019-20 жылдары үкімет сыншыларына шығарылған үкімдер қоғамдық-саяси белсенділікпен айналысуға тыйым салумен шектеліп келсе, одан кейінгі кезеңде бірнеше жылға түрмеге қамау жазасы белең алғанын айтты.
"Және де, үкімет өте айқын белгі беруге тырысып отыр деп ойлаймын. Менің айтпағым, осы адамдардың, мейлі тіпті әлеуметтік желіде тіркелген болсын, жақтастары бар... [айталық] Марат Жыланбаев ресми тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі болды. Олардың өз соңынан өзгелерді үйіріп әкететін қабілеті бар. Егер оппозициялық белсенділікке бой ұрсаң, оңдырмайтын салдары болуы мүмкін [дегенді меңзеп отыр]", – деді ол.
HRW Қазақстан үкіметі экстремизм терминін ұлттық қауіпсіздікке төнетін экстремистік не террористік қауіп контексінде қарастыруы қажет деп біледі.
Былтыр тамызда HRW Қазақстан үкіметі "терроризм мен экстремизмді қаржыландырушылар" тізіміне енгізген 18 адаммен сұхбаттасып, биліктің тізімді толықтыру тәжірибесіне қатысты есебін жариялады.
Ұйым елде бейбіт наразылыққа шығып, кейін "экстремизмге қатысы бар" деген айыппен сотталғандар көбейгенін айтып, билікке террористік акт жасағандар мен бейбіт наразылыққа шыққандардың ара-жігін ажыратуға кеңес берген.
Былтыр шілдеде президент Тоқаев үкімет екі жыл дайындаған, елдегі медиа қауымдастық қатты сынаған "Масс медиа туралы" заңға қол қойды. Заң 60 күннен кейін күшіне енді.
Ақпарат министрі Аида Балаева бұған дейінгі "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңның ескіргеніне меңзеп, жаңа заң жобасын дайындау қажеттіліктен туындағанын айтқан. HRW интернеттегі белсенділікті де қамтитын жаңа заң қазақ билігіне медиа нарықты бақылауға ауқымды уәкілет береді деп жазды.
"Медиа туралы жаңадан қабылданған заң – Қазақстанның сөз еркіндігі бойынша өз міндеттемелерін толық орындамай отырғанының тағы бір көрсеткіші. Себебі заңда сөз еркіндігі мен ақпарат алу құқығына қауіп төндіретін көп элемент бар", – деді Мира Риттман.
Бұған қоса халықаралық ұйым есебінде саяси әзіл айтқаны үшін сотты болған екі адам туралы айтылған. Былтыр 26 шілде күні астаналық стендапер Александр Меркуль "ұсақ бұзақылық" айыбымен (434-баптың 1-бөлігі) жауапқа тартылып, 10 күнге әкімшілік қамауға алынғаны белгілі болды. Сот шешімінде комиктің маусым айында Астанадағы "Реберная" мейрамханасында "балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны" жазылған. Бұл видео YouTube және Instagram желілерінде тараған. Сот отырысында Меркуль өзіне тағылған айыптарды мойындаған.
Оған дейін Алматы соты өзге стэндапер Нұрасхан Басқожаевты әзіліне бейпіл сөз араластырғаны үшін 15 күнге қамаған. Комиктің әріптестері "оны саясат пен жемқорлықты жиі әжуалағанына бола жазалады" деп біледі.
Министр Аида Балаева "Масс медиа туралы" заңды дайындауда елдің ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігі баса назарға алынғанын айтты. Ол жаңа заң мен оның аясында түрлі мекемеде журналистерге қатысты бекітіліп жатқан ережелер сөз еркіндігін шектейді дегенге келіспейді.
ӘЙЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ
Былтыр наурызда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі сотта қарала бастағанда қоғамда тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдер құқығы кеңінен талқыланды. Сол жылы 15 сәуірде президент Тоқаев әлімжеттіктен жапа шеккен әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған заңға қол қойғанда мемлекет қаржыландыратын медиа ресурстар "Салтанат заңы күшіне енеді" деп жазды.
Құқық қорғаушылар "әйелді қорғайтын" заң қабылданғанымен, іс жүзінде ештеңе өзгере қоймады деп есептейді. Себебі заңда физикалық, сексуалды және экономикалық зорлық, психологиялық қорлық жасау мен сталкинг жеке-дара қылмыс ретінде қарастырылмаған.
HRW зерттеушісі Мира Риттман да Қазақстанда тұрмыстық зорлық көрсететіндердің жазадан жалтаруы жиі болып тұратынына меңзеп, заңның қолданыс аясы кеңеюі үшін елдегі полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы тренингтерден өтуі керек деген пікірде.
"Олар [билік] заңды қабылдағанда "біз [қоғам талабын] орындадық, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шештік" дегендей түр көрсетті. Бірақ бұл тек бастамасы ғана, себебі мәселені заңға енгізіп қана қою жеткіліксіз. Қазақстанда отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайтын я ондайды басынан өткерген әйел көп екенін айттыңыз. Ал ондай ақпарат жеткен кезде полиция тиісті дәрежеде әрекет қылмайды. Сондықтан арнайы тренинг өткізу керек. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық – шешімін әйелдің өзі табуы керек мәселе деген стигматизацияны жою қажет. Ал шынтуайтында бұл – қылмыс екенін түсіну маңызды", – деді HRW зерттеушісі Мира Риттман.
2024: ЕСЕПТЕСУ ЖЫЛЫ
HRW ұйымы 2024 жылы Ресей, Үндістан және Венесуэлада үкіметті сынағандарға қысым күшейіп, Газа, Судан мен Украинадағы әскери қақтығыстарды тоқтатуға әлем елдері біріге алмады деп жазды. Бұдан бөлек, Эль-Сальвадор, Мали, Буркина Фасо, Нигер, Мъянма және Гаитиде авторитар басшылардың билігі ұлғайып, өздеріне бағытталған саяси сынды жалған ақпараттың көмегімен және қорқыту арқылы басып тастағанын атап өткен.
Ұйым "есептесу жылы" деп, БҰҰ-да бекітілген адам құқықтары декларациясындағы қағидаларды сақтауға келіскен көптеген ел жеме-жемге келгенде, мүдделес серіктестерінің адам құқықтарын таптаған әрекетін кейде ақтап, кейде ашық қолдауға тырысты деп жазды.
Атап айтқанда, Қытайдағы билік бірпартиялық жүйеге қарсы келген, еркін азаматтық қоғам құрып, сот жүйесінің тәуелсіз болуын және аз ұлт өкілдерінің құқығын сақтауды талап еткен белсенділерге қысым жасауды жалғастырды. Қытай репрессиясы ел аумағымен шектелмей, сыртта жүрген диаспора өкілдерін жасырын бақылап, үкімет сыншыларының дауысын естіртпеуге тырысып, олардың ел ішіндегі туыстарын қорқыту арқылы әрекет еткен деді HRW ұйымы.
Есеп авторлары АҚШ пен Батыс Еуропа елдерін Израильді қолдағаны үшін сынға алған.
"Израиль [Газада] қару қолданып қатыгездікке барғанына айқын дәлелдер болса да, АҚШ, Германия және басқа да елдер халықаралық құқықтық міндеттемелері мен ішкі заңдарды бұзып, Израильге қару-жарақ пен әскери қолдау көрсетуді жалғастырды", – деп жазды ұйымның бас директоры Тирана Хасан.
HRW есебінде былтыр 70 елде сайлау өткенін, бірақ билікке келген ескі-жаңа тұлғалар адам құқықтарын реттейтін халықаралық актілерде көрсетілген міндеттерін орындай алмағанын жазды.
"[Былтыр] екі миллиардтан астам адам сайлауға қатысып, дауыс берді. Бұл бізге адамдардың бей-жай қарамайтынын, өз дауысы естілгенін қалайтынын көрсетеді. Бірақ нәтижелерге қарасақ, кейбір көшбасшылар адам құқықтарына қырын қарайтын ұстаныммен сайлауға түсіп, озып шыққанын көреміз. Және [олар] нысана еткендер арасында көбіне ЛГБТ қауымдастығы, әйелдер және мигранттар барын байқаймыз", – деді Тирана Хасан ұйымның Rights and Wrongs подкасына берген сұхбатында.
Былтыр кей елде авторитар режимнің қысымы күшеюінен азаматтық белсенділік те артқан. Атап айтқанда, халық дүмпуі Бангладеш пен Сириядағы саяси режимнің құлауына әкелді, әйткенмен де осы іспеттес саяси өзгерістер бұдан әрі сол елдерде адам құқықтарының бұзылмауына кепіл бола алмайды деп жазылған есепте.
ПІКІРЛЕР