Accessibility links

Солтүстік Корея әскері 9 мамырда алғаш рет Мәскеудегі әскери парадқа қатысады


Солтүстік Корея әскері. Көрнекі сурет.
Солтүстік Корея әскері. Көрнекі сурет.

Солтүстік Корея әскері 2025 жылы 9 мамырда СССР-дың нацистік Германияны жеңуіне 80 жыл толуына орай ұйымдастырылатын Мәскеудегі әскери парадқа қатысады. Бұл жөнінде 16 қаңтарда дереккөзге сүйенген жапонның NHK телеарнасы хабарлады.

Дереккөздің айтуынша, Солтүстік Корея әскерін парадқа қатыстыру туралы шешім қабылданып қойған. Мәселе ондаған солтүстіккореялық сарбаз жөнінде болып отыр. Солтүстіккореялық сарбаздар бұрын-соңды Ресейдегі "жеңіс парадына" қатысқан емес. Телеарнаның тағы бір дереккөзі солтүстіккореялық әскери оркестр тамыздың соңында Мәскеудегі музыка шарасына қатысатынын да айтқан.

Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі былтыр қарашада Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездескеннен кейін Мәскеу Пхеньянға парадқа қатысу туралы ұсыныс айтты деп хабарлаған еді.

15 қаңтарда Белоусов парадқа дайындық басталғанын мәлімдеді. Биыл ол Мәскеумен қатар, тағы елдің 19 қаласында өтпек. Министрдің сөзінше, парадқа 19 "достық ниеттегі елдердің" әскери бөлімдері шақырылған, он елдің өкілдері қатысатынын растаған, арасында бұрын Совет одағы құрамында болған елдер де бар.

"Медуза" басылымының жазуынша, Кремль парадқа АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларының бірі келеді деп күтіп отыр.

"Парад БРИКС 2.0 саммиті сияқты шара болуы мүмкін – бұл айтарлықтай оқшауланудың жоқтығын көрсетеді. Көрсетсе, әрине. Бірақ талпыныс болатыны анық" деді "Медуза" дереккөзі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG