Жетісу облысы Сарыөзек әскери гарнизонында 18 жастағы сарбаз қаза болды. Ақпаратқа қарағанда, оқиға 14 қаңтарда болған.
Сарыөзек әскери гарнизоны аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Гарнизонның хабарламасын Ulysmedia жариялады.
"Әскери-далалық оқу-жаттығулар кезінде әскерге шақырылған сарбаз атыс қаруын қолдану ережесін бұзып, төс сүйегінен жарақат алды. Қылмыстық іс қозғалды. Себептері анықталып, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы құрлық әскерінің бас қолбасшысы басқаратын арнайы комиссия құрылды" деп жазылған хабарламада.
Қаза болған сарбаз жетісайлық 18 жастағы Дастан Құрманбектің ата-анасы ұлы “Калашников автоматынан өзіне оқ атты” дегенге сенбейді. Олар ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп отыр.
Айтуларынша, оқиға полигонда болған. Дастан Құрманбек қаза болмай тұрып, бір күн бұрын әкесі гарнизонға барып келген. Сонда ұлының жүзінен қандай да бір қорқынышты байқаған. Бірақ ұлы ештеңе ашып айтпаған.
Туыстарының сөзінше, оқ атылған Калашников автоматының өзі де Дастан Құрманбекке тиесілі емес. Туыстарына берілген құжатта Дастан Құрманбектің Кербұлақ ауруханасында көз жұмғаны жазылған. Туыстары марқұмнынан денесінен зорлық-зомбылық іздері байқалмағанын айтты.
Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің “Қару-жарақпен жұмыс істеу қағидаларын бұзу” (462-бап, 2-бөлік) бабы бойынша іс қозғалған.
Қорғаныс министрлігі әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.
2006 жылғы Дастан Құрманбек отбасындағы алты баланың төртіншісі. Әскери қызметкер болғысы келген ол былтыр қазанда өзі әскерге сұранып кеткен. Ізінше туыстарына “бұл шешіміне өкінетінін” жеткізген.
16 қаңтарда Жетісайда туыстары марқұмды жер қойнына тапсырды.
ПІКІРЛЕР