Accessibility links

Трамптың инаугурациясына кімдер қатыспақ?


АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамптың инаугурациясына дайындық. Капитолий, Вашингтон, 18 қаңтар, 2025 жыл.
АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамптың инаугурациясына дайындық. Капитолий, Вашингтон, 18 қаңтар, 2025 жыл.

АҚШ-тың 47-президенті болып сайланған Дональд Трамп 20 қаңтарда ант беріп, ресми түрде қызметіне кіріспек. Бұған дейін де бір мерзім президент болған Трамп дипломатиялық нормаларды қатаң ұстана бермейтіндігімен белгілі. Сондықтан оның инаугурациясы да дәстүрдегіден өзгешелеу өткелі отыр.

Әдеттен тыс инаугурация

АҚШ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Трамп – кейінгі бір ғасырдан астам уақыт ішінде өзінің ант беру рәсіміне шет мемлекеттердің басшыларын да шақырған алғашқы президент.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша, әдетте жаңадан қызметіне кірісетін АҚШ президентінің инаугурациясына шетелдік дипломаттар мен елшілер ғана қатысатын.

"Инаугурация [елдің] ішкі саяси шаруасы болғандықтан, шетелдік лидерлердің қатысуы тосын нәрсе болып көрінеді", – деді Вирджиния технология институтының профессоры, саяси PR (public relations) саласында зерттеумен айналысатын Кейс Майерс.

Аргентина президенті Хавьер Милей шалт шешім қабылдайтын саясаткер ретінде танылған. Кейбіреулер оны Дональд Трампқа ұқсатады.
Аргентина президенті Хавьер Милей шалт шешім қабылдайтын саясаткер ретінде танылған. Кейбіреулер оны Дональд Трампқа ұқсатады.

Инаугурацияға шақырылған шетелдік басшылар арасында Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Аргентина президенті Хавьер Милей бар.

БАҚ-тың жазуынша, Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинді де шақырған. Бірақ Қытай атынан оның орынбасары Хань Чжэн қатыспақ, мұндай бұрын-соңды болмаған, бұған дейін АҚШ президентінің инаугурациясына Қытайдан тек елшілер қатысқан.

Майерстің сөзінше, Трамп "инаугурация сияқты үлкен оқиғаны байланыс орнатып, ортақ тіл табысу мүмкіндігі ретінде пайдаланбақшы. Бұл дипломатия жүргізудің бизнестен тамыр алатын әдеттен тыс әдісі".

19 қаңтарда Вашингтон мен АҚШ-тың бірқатар басқа қаласында Трампқа қарсы жұрт митинг өткізді. Акцияға қатысқандар түсік жасату құқығын қолдап, Трамптың климат пен иммиграция мәселесіне деген көзқарасын сынға алды.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, АҚШ-тағы қазіргі наразылықтар ауқымы Трамп 2017 жылы президент қызметіне алғаш кіріскен уақытпен салыстырғанда аз. Сол жылы Вашингтондағы "әйелдер маршына" 100 мыңнан астам адам барған, биыл акцияға бірнеше мың адам ғана қатысқан.

Технология алпауыттары

Инаугурацияға шақырылған аса маңызды (VIP) қонақтар арасында америкалық ең ірі технологиялық алпауыттардың өкілдері – X әлеуметтік желісі мен Tesla компаниясының иесі Илон Маск, Meta компаниясының негізін салған Марк Цукерберг және Amazon компаниясын құрған Джефф Безос бар. Оларға қоса Apple, OpenAI және Uber компанияларының басшылары да шақырылыпты.

Бұл компаниялардың кейбірі Трамп инаугурациясының қорына жарна қосқан. Ол қорға бұрын-соңды болмаған мөлшерде – 170 миллион доллардан астам қаржы жиналған.

2016 жылы Дональд Трамп көпшілік күтпеген жерден АҚШ президенті болып алғаш сайланған кезде, америкалық технологиялардың алтын бесігі – Кремний алқабындағылар аңысын аңдап, сақ қимылдаған-ды. Сол жолғы сайлауда Трамптың бәсекелесі Хиллари Клинтонды қолдаған Маск 2024 жылғы сайлауда Трамптың ең ірі демеушілерінің бірі болды.

2017 жылы қаңтарда Трамптың инаугурациясына жиналған бизнес жетекшілерінің арасында құмар ойындары индустриясы мен қаржы әлемінен шыққан миллиардерлер болған. Сарапшылардың пікірінше, биылғы шараға Кремний алқабы өкілдерінің шоғырлануы олардың жоғары технологиялар саласын реттеу мен тарифтер туралы келіссөздерге қатысуға мүдделі екендігінен хабар береді.

Джордж Вашингтон университетінің саяси тарих профессоры Мэтью Даллек технологиялық компаниялар өз бизнесіне әсер етуі мүмкін кез-келген жаңа тарифтердің "ерекше" жолын іздейді деп топшылайды.

Даллектің сөзінше, Amazon-ды монополияға қарсы заң талаптарын бұзды деп айыптаған, Google-ды бөлшектеуге талпынған, Meta компаниясын сотқа беріп, Tesla-ны Ақ үйдің электромобильдерге арналған шараларына қатыстырудан бас тартқан, оған қоса криптовалюта индустриясымен күрес жүргізген Байден әкімшілігіне Кремний алқабындағы жетекші тұлғалардың өкпесі қара қазандай.

"Технологиялар әлемі өкілдерінің көбі өздерінің іс-әрекетін реттеп, шектеуге тырысқан Байден әкімшілігіне қатты наразы. Олар мұны өрескел қол сұғушылық деп қабылдаған", – деді сарапшы.

Дональд Трамп пен Илон Маск Батлердегі сайлауалды митингіде. Пенсильвания штаты, 5 қазан, 2024 жыл. Шілде айында Батлерде Трампқа қастандық жасалған.
Дональд Трамп пен Илон Маск Батлердегі сайлауалды митингіде. Пенсильвания штаты, 5 қазан, 2024 жыл. Шілде айында Батлерде Трампқа қастандық жасалған.

"Бұған қоса, олар Байден тұсында Ақ үйден көп жағымсыз пікір тарағанын сезіп-біліп отырды. Кремний алқабының дөкейлері өздерін цифр дәуірінің жаңа қаһармандары деп дәріптеудің орнына, Байденнің мағайындағы кейбір шенеуніктер оларға күйе жағып отыр деп есептеді", – деді Даллек.

15 қаңтарда халықпен қоштасу сөзінде Байден қазіргі кезде Америкада билікке ие болған бай адамдардың "қауіпті олигархиясы" қалыптасып жатыр, бұл "демократияға қатер төндіреді" деп ескертті.

"Мені бірнеше бай адамның қолында биліктің қауіпті шоғырлануы алаңдатады", – деді Байден ешкімнің аты-жөнін атамай.

Әлемдегі ең бай адамға айналған Илон Масктің ықпалы Дональд Трампқа жүреді деп санайды кейбір сарапшылар. Маскті АҚШ-тың жаңа президенті үкімет жұмысының тиімділігін арттыру міндеті жүктелген комиссияның жетекшісі етіп тағайындады. Бұл комиссия Трамп пен оның командасы ақшаны текке шашу деп санайтын шығындарды қысқартумен айналыспақ.

Суықтан тығылу

1981 жылдан бері АҚШ президентінің инаугурациясы Капитолий ғимаратының батыс қанатында өтеді. Ол жерде инаугурация өткізуге арналған, 1600 адамға шақталған платформа бұрыннан бар.

АҚШ-тың 47-президентінің ант беру рәсімі мен инаугурациясы жабық ғимаратта – Капитолий күмбезінің астындағы орында өтеді. Трамп күн суып кеткеніне байланысты салтанатты шара өтетін орын өзгерді деп түсіндірді. Бұған дейін ол жерде осыдан 40 жыл бұрын, 1985 жылы Рональд Рейган президент қызметіне екінші мерзімге сайланғаннан кейін инаугурациясын өткізген еді.

Әдетте ант беру рәсіміне қызмет мерзімі аяқталған президент пен вице-президент және олардың отбасылары; жаңадан сайланған президент пен вице-президент және олардың отбасы мүшелері; бұрынғы президенттер мен олардың жұбайлары; үкімет мүшелері; Конгресстің 535 мүшесі, Жоғарғы соттың тоғыз судьясы; шетелдік елшілер; Біріккен штаб басшылары комитетінің мүшелері; губернаторлар мен өзге де меймандар, соның ішінде жаңадан сайланған президенттің кеңесшілері мен жақын достары, ірі демеушілер мен әйгілі адамдар қатысады.

Конгресстегі демократиялық партияның бірнеше өкілі биылғы инаугурацияға қатыспайтынын мәлімдеген, олардың арасында Өкілдер палатасының бұрынғы спикері әрі демократтар арасындағы ең ықпалды саяси тұлғалардың бірі Нэнси Пелоси да бар. Бұрынғы президент Барак Обаманың зайыбы Мишель Обама да бұл шараға қатыспайды.

АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама мен оның әйелі Мишель Обама. Экс-президент Обама Дональд Трамптың инаугурациясына қатысады, ал оның зайыбы шараға қатысудан бас тартқан.
АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама мен оның әйелі Мишель Обама. Экс-президент Обама Дональд Трамптың инаугурациясына қатысады, ал оның зайыбы шараға қатысудан бас тартқан.

Капитолий күмбезінің астындағы орынға 600-ге жуық адам ғана сыятындықтан, VIP-тұлғалардың көбі ант беру рәсіміне қатыса алмайтын сияқты.

Трамптың айтуынша, оның жақтастары биылғы инаугурацияны 20 мың адамға арналған Capital One Arena-дағы экраннан көре алады. Инаугурациядан кейінгі дәстүрлі шеру де сол жерде өтеді.

Ант беру рәсіміне дейін және одан кейін бірнеше маңызды шара өткізіледі. 19 қаңтар күні Трамп Республикалық партиядан сайланған сенаторлармен таңғы ас ішіп, кейін Арлингтон зиратына гүл қойды. Рәсімге оның отбасы, вице-президент қызметіне таңдалған Джей Ди Вэнс пен жаңа Трамп әкімшілігінің мүшелері қатысты. Кейін Трамп Capital One Arena залында өткен митингіде жақтастары алдында сөз сөйледі.

Жексенбі күні кешке Дональд Трамп әйелі Меланиямен бірге қонақасын берді. Ал 20 қаңтар кешке бірнеше бал өткізу жоспарланған.

XS
SM
MD
LG