Accessibility links

Зеленский тұтқындағы Солтүстік Корея сарбазы туралы жаңа видео жариялады


Украина әскері Курск облысында тұтқынға алды деген Солтүстік Корея сарбазы.
Украина әскері Курск облысында тұтқынға алды деген Солтүстік Корея сарбазы.

20 қаңтарда Украина президенті Владимир Зеленский Курск облысында тұтқынға түскен Солтүстік Корея сарбазы деп тағы бір видео жариялады. Видеода ер адамнан жауап алынып, Украина арнайы қызметі өкілдерінің сұрағына аудармашы арқылы жауап берген. Сарбаз корей тілінде сөйлейді.

Видео қашан, қайда және қалай түсірілгені туралы мәлімет жоқ. Бұған дейін осы сарбаз бен Солтүстік Кореяның тағы бір әскери қызметкері қаңтардың басында Ресей аумағындағы шайқас кезінде тұтқынға түсіп, Киевке жеткізілді деп хабарланған. Бұл адамдар Ресей жағында соғысып, тұтқынға алынған алғашқы Солтүстік Корея сарбаздары болуы мүмкін.

Зеленский жариялаған видеода сарбаз 17 жасынан бастап Солтүстік Корея армиясында қызметтен өткенін айтқан. Айтуынша, жүзге жуық отандасымен Ресейге кемемен жеткен, кейін оларды пойызбен алып кеткен. Сөзінше, оларға Ресейде соғысқа қатысатыны туралы айтпаған. Тұтқындағы адам "шайқас кезінде зардап шеккендер өте көп болды" деп мәлімдеді. Ол Солтүстік Корея аумағынан тыс әлем туралы, оның ішінде Оңтүстік Корея туралы да ештеңе білмедім деп айтқан.

Зеленский бұған дейін тұтқындағы басқа сарбаздан жауап алынып жатқан сәт көрінетін видео жариялаған, ол Ресейге соғысқа бара жатқанымды білмедім деген.

Былтыр күзде Батыс елдерінің барлау қызметі Солтүстік Корея сарбаздары Мәскеу жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатыр деген хабар таратты. Кейін Украина және Батыс шенеуніктері, Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Корея әскері Ресейдің Курск облысындағы шайқастарға қатысқанын мәлімдеді, былтыр жазда Украина күштері осы өңірдің біраз жерін басып алған.

Оңтүстік Корея мен Пентагонның дерегінше, Пхеньян қазанда Ресейдің Курск облысына 10-12 мың сарбаз жіберген, бір айдан соң олар Украина қарулы күштерімен шайқаса бастаған. Оңтүстік Корея барлау қызметінің есебінше, қаңтардың басында Солтүстік Кореяның 300 сарбазы қаза тауып, тағы 2700-ге жуығы жараланған.

The Washington Post және The Wall Street Journal басылымдары 20 қаңтарда Ресей жағындағы соғысып жатқан Солтүстік Корея сарбаздары туралы мақала жариялады. The Washington Post Украина мен Батыстағы дереккөздеріне сілтеп, Курск облысында қаза болған солтүстіккореялық сарбаздардан КХДР басшысы Ким Чен Ынның құттықтау хаты мен орыс тіліндегі сөз тіркестері бойынша сөздік табылды деп хабарлады.

The Washington Post мәліметінше, Ким Чен Ын үндеуі жазылған қағазда 31 желтоқсан мен 1 қаңтар деген уақыт көрсетілген. Басылымның дереккөзі мұны сарбаздарға Пхеньяннан жіберген я сарбаздар командир сөйлеген кезде жазып алған болуы мүмкін деп топшылайды.

"Жолдастар! Мен сіздерді қатты сағындым, жолдастар. Сіздерге денсаулық тілеймін, үйге аман-есен оралыңыздар", – делінген үндеуде.

The Wall Street Journal Солтүстік Корея сарбаздарын тұтқынға алған Украина арнайы операциялар күштері туралы репортаж дайындаған. Украина әскерінің айтуынша, Солтүстік Корея сарбаздары Украина тұтқынына берілмек болғандарды өлтіре бастаған.

Батыс елдері Солтүстік Корея әскерінің Украинадағы соғысқа қосылғанын қақтығыс қаупін өршіту деп атаған. Бұл – АҚШ пен оның одақтастарының Украинаға Ресей аумағына алысқа ұшатын Батыс қаруымен шабуыл жасауға қойылған шектеуді өзгертуіне түрткі болған жайттың бірі.

Мәскеу мен Пхеньян Солтүстік Корея әскері Ресейге барғанын, олардың шайқастарға қатысқанын растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады.

Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын былтыр екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, тараптардың біріне қарулы шабуыл жасалса, екіншісі дереу әскери және өзге де көмек көрсетуге міндетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG