Accessibility links

Журналист Әсем Жәпішева 15 күнге қамалды. Ол Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққан


Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішева. Алматы, 20 қаңтар, 2025 жыл.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішева. Алматы, 20 қаңтар, 2025 жыл.

Алматы қаласының әкімшілік соты журналист Әсем Жәпішеваны 15 күнге қамады. Ол 20 қаңтарда Instagram-дағы сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, пикетке шыққан.

Жәпішева сот шешіміне келіспейді. Адвокат Ғалым Нұрпейісов апелляциялық шағым түсірмек. Журналиске "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап) деген айып тағылған.

20 қаңтар түске қарай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдына пикетке шыққан журналисті бес минут өтер-өтпес уақытта полиция алып кетті.

Пикет кезінде Алматы әкімдігінің өкілі журналиске "пикет өткізу бойынша әкімдікке сізден хабарлама түскен жоқ, бұл әрекетіңіз заңсыз" деп ескерту жасады. Жәпішева "бұған құқығым бар" деп, акциясын тоқтатпаған.

Журналист пикетте "Қазақстанда сөз еркіндігі шектелмеуге тиіс. Қазақстанда сөз еркіндігі шектелсе, елдің болашағы бұлыңғыр" деп мәлімдеді. Жәпішева биліктен Темірлан Еңсебек пен журналист Руслан Бикетовті босатуды талап етті.

Руслан Бикетов 19 қаңтарда Темірлан Еңсебекті қолдап, Жәпішева шыққан театр алдында пикет өткізіп, артынан 15 күнге қамауға алынды. Ал Темірлан Еңсебек 18 қаңтарда екі айға қамалған. Оның үстінен "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Темірлан Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Ол бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан, әнде балағат сөздер бар. 18 қаңтарда Алматыда белсендінің жақтастары қалалық полиция ғимараты маңына жиналып, оны босатуды талап еткен. Бұған дейін саясаттанушылар, сарапшылар Темірлан Еңсебектің қамаған биліктің ісін сынға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG