Accessibility links

Алматы соты сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамады


Oyan, Qazaqstan белсендісі Темірлан Еңсебек
Oyan, Qazaqstan белсендісі Темірлан Еңсебек

Алматының тергеу соты азаматтық белсенді, Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамады. Сенбі күні Алматы қалалық полиция департаменті алдына Еңсебектің жиырмаға жуық жақтасы жиналды.

Темірлан Еңсебекке қарсы "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша 2-7 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе шектеу жазасы немесе 2-7 жыл түрме жазасы қарастырылған.

Бір күн бұрын полиция белсендінің үйін тінтіп, белсендінің өзін уақытша қамау изоляторына қамаған еді.

Адвокат Жанара Балғабаева “Пятое января” телеграм-арнасына Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" атты әзіл ән түрткі болғанын айтқан. Еңсебек осы әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық постқа қосқан.

Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әзіл әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.

Блогер Антон Бударов осы әнге байланысты Еңсебектің үстінен арыз жазғанын хабарлады.

Дегенмен адвокат Жанара Балғабаеваның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары Бударовтың арызынан емес – қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.

2021 жылы мамырда да Темірлан Еңсебек тергеліп, үйіне тінту жүргізілген. Ол кезде "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс болған. Еңсебек іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Іс сатиралық пабликте жарияланған мәселе желіде өте қызу талқыланғаннан кейін ашылған. Мысалы, бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған. Пабликтың профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.

Қылмыстық қудалаудан кейін көп ұзамай Темірлан Еңсебек Amnesty International ұйымыны «Хаттар марафоны» акциясының қатысушысына айналды және белсенді Apple компаниясынан смартфоны тыңшылық мақсатта пайдаланылатын Pegasus құралы арқылы тыңдалған болуы мүмкіндігі жөнінде хабарлама алған қазақстандықтардың бірі болған.

2022 жылы қыркүйекте Темірлан Еңсебек өзіне ашылған қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG