АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде $TRUMP атты жеке криптовалютасын шығарғанын мәлімдеді.
Бірінші күні қолданушылар 200 млн монета ала алады, үш жыл ішінде жалпы ұсыныс көлемі 1 млрд долларға дейін жетеді.
Жоба іске қосылғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда $TRUMP мемкоинының капитализациясы үш миллиард долларға жеткен, ал бір жарым сағаттан кейін ол төрт миллиардтан асты.
Жобаның сайты "Трамп стилінде" жасалған. Онда 2024 жылы жаздағы қастандықтан кейін айтылған "күрес, күрес, күрес" атты тіркес бар.
Бұрын криптовалютаны алаяқтық деп атаған Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде өзінің пікірін өзгерткен. Ол АҚШ-ты криптовалютаның "әлемдік астанасы" етуге және биткоиндердің ұлттық қорын жинақтауға уәде берді.
2024 жылы желтоқсанда Трамп криптовалюта лоббисті Пол Аткинсті құнды қағаздар және биржа жөніндегі комиссияның жетекшісі қызметіне ұсынғаннан кейін биткоинның құны алғаш рет 100 мың доллардан асты. Аталған комиссия әлемдік қаржы нарығында криптовалютаның ең ықпалды қарсыласы саналған.