Accessibility links

Киевке соққыдан кемінде үш адам қаза болды


"Лукьяновская" метро станциясы. Киев, 18 қаңтар 2025 жыл
"Лукьяновская" метро станциясы. Киев, 18 қаңтар 2025 жыл

18 қаңтарда таңертең Ресей әскері Киевке соққы жасап, соның салдарынан кемінде үш адам қаза болды. Бұл жөнінде қала мэрі Виталий Кличко мәлімдеді.

Опат болғандар қаладағы Шевченко ауданында тұрған. Киев мэрінің айтуынша, адам тұрмайтын ғимарат қираған. Одан бөлек, "Лукьяновская" метро станциясының кіреберісі қираған, пойыздар бұл станцияға тоқтамай жүріп жатыр. Аудандағы су құбыры да бүлінген.

Бірнеше ауданға ракета бөлшектері құлаған.

Украина төтенше жағдай қызметінің хабарлауынша, қаза болғандардан бөлек Киевте тағы үш адам жараланған. Атқылаудың салдарынан үш көлік өртеніп, тағы оны бүлінген. Әкімшілік ғимарат, бизнес орталық пен дүкен жартылай қираған.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Ресей әскері украин күштерінің Белгород облысындағы азаматтық инфрақұрылымды ATACMS ракетасымен атқылауына жауап ретінде Украинаның әскери-өнеркәсіптік нысанына соққы жасаған. Ақпаратқа қарағанда, "Нептун" ракетасы мен "Ольха" жүйесіне снаряд шығаратын "Луч" құрастыру бюросына шабуыл жасалған.

"Луч" кеңсесі Киевте орналасқан.

Запорожье облысында инфрақұрылым нысанына соққы жасалып, он адам жараланды деп хабарлады аймақтың әкімшілік жетекшісі Иван Федоров. Сегізі ауруханаға жатқызылған: бір әйелдің жағдайы өте ауыр, қалғанының жағдайы орташа ауыр.

Украинаның орталық және шығыс аймақтарында әуе дабылы іске қосылды.

Украина қарулы күштерінің мәліметінше, 19 қаңтарға қараған түні Ресей Украинаға 39 дрон және төрт "Искандер" ракетасын жіберген. Дрондардың 24-і атып құлатылған, екі ракета жойылған. Тағы 14 дрон жоғалған. Ведомство атып түсірілген ракеталар Киевтің Шевченко ауданына құлағанын айтты.

  • Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірген. БҰҰ-ның 2024 жылғы қыркүйектегі мәліметіне қарағанда, Украинада 11,5 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған, 25 мың адам жараланған. БҰҰ сонымен бірге Ресей әскерінің түрлі қылмыстарын (дарға асу, адам ұрлау, азаптау, дөрекі қатынас, күштеп ұстау) құжатқа түсірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG