Accessibility links

Қытай халқының саны үш жыл қатарынан азайған


Қытай қалаларындағы саябақта демалып отырған жұрт. 2024 жыл. Көрнекі сурет.
Қытай қалаларындағы саябақта демалып отырған жұрт. 2024 жыл. Көрнекі сурет.

2024 жылы Қытайда өлім көрсеткіші дүниеге келген нәрестелер саны көрсеткішінен сәл асып, осылайша халық саны үш жыл қатарынан азаю тенденциясын байқатқан. Сарапшылар бұл тренд алдағы жылдары күшейе түседі деп болжайды. Бұл жөнінде Reuters жазды.

Статистика ұлттық бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қытай халқының саны 1,39 млн адамға азайып, 1,408 млрд болған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,409 млрд болған.

Жұма күнгі дерек экономиканың ірілігі жағынан әлемде екінші орында тұрған Қытайдың жұмысшылар мен тұтынушылар санының қысқаруына байланысты алдағы уақытта қиындықтарға кезігеді деген қауіпті зорайта түседі деп жазды басылым. Қарттарды күтіп-бағу шығынының артуы және зейнетақы онсыз да қарызға белшесінен батып отырған жергілікті атқару органдары үшін қосымша салмаққа айналмақ дейді ақпарат агенттігі.

Статистика бюросының мәліметінше, Қытайда 2024 жылы 9,54 млн бала дүниеге келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (9.02 млн) едәуір көп. 2024 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда 6.77 нәрестеден келсе, 2023 жылы 6.39 болған.

Былтыр 10.93 млн адам қайтыс болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 11.1 млн болған.

Сарапшылар Қытайда 1980-2015 жылдарғы "бір бала саясатына" байланысты туу көрсеткіші жылдар бойы азайып келетінін айтады.

Көрші Оңтүстік Корея және Жапония тәрізді Қытайда да халықтың едәуір бөлігі ауылдық жерлерден қалаларға қоныс аударған. Ал қалаларда бала өсіру ауылға қарағанда қиынырақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG