Accessibility links

Полиция белсенді Темірлан Еңсебекті изоляторға қамады. "Желіде алауыздық қоздыру" бабымен іс ашылған


Oyan, Qazaqstan! белсендісі Темірлан Еңсебек Алматыда пикет өткізіп тұр. 3 қаңтар 2024 жыл
Oyan, Qazaqstan! белсендісі Темірлан Еңсебек Алматыда пикет өткізіп тұр. 3 қаңтар 2024 жыл

17 қаңтарда Алматыда полиция азаматтық белсенді, Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, белсендінің өзін уақытша қамау изоляторына қамады.

Алматы қалалық полициясының баспасөз қызметі Азаттыққа жолдаған жауабында қазір полицияның тергеу басқармасы "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын жазды. Дегенмен істің жай-жапсары айтылмайды. Жақтастары Еңсебектің ұсталуын оның жуырдағы сатиралық пабликте шыққан жазбаларымен байланыстырады. Кей ақпаратқа қарағанда, іске сатиралық пабликте жарияланған ресейлік пропагандист Тина Канделаки туралы жазбалар түрткі болған болуы мүмкін.

Ақпаратқа қарағанда, Темірлан Еңсебектің үйінде тінту болған. Белсенділер сонымен бірге оған "ұлтаралық алауыздық тудыру" бабы бойынша айып тағылуы мүмкін екенін айтты.

2021 жылы мамырда да Темірлан Еңсебек тергеліп, үйіне тінту жүргізілген. Ол кезде "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс болған. Еңсебек іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Іс сатиралық пабликте жарияланған мәселе желіде өте қызу талқыланғаннан кейін ашылған. Мысалы, бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған. Пабликтың профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.

Қылмыстық қудалаудан кейін көп ұзамай Темірлан Еңсебек Amnesty International ұйымыны «Хаттар марафоны» акциясының қатысушысына айналды және белсенді Apple компаниясынан смартфоны тыңшылық мақсатта пайдаланылатын Pegasus құралы арқылы тыңдалған болуы мүмкіндігі жөнінде хабарлама алған қазақстандықтардың бірі болған.

2022 жылы қыркүйекте Темірлан Еңсебек өзіне ашылған қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG